Өкінішке қарай, кей тұрғындар ата-аналық міндетін орындап, балаларына уақытылы алимент төлемей жүр. Ал бұл – заңғы қайшы әрекет. Сондықтан тиісті төлемнен жалтарған әкелер мен аналар жауапқа тартылады, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.
Павлодар облысында жыл санап алименттен жалтарған ата-аналардың қарасы көбейіп келеді. Айталық, осыдан төрт жыл бұрын жеке сот орындаушылардың қарауында 11 мың материал болса, былтыр оның саны 20 мыңға жуықтады.
Полиция өкілдері жылдар бойы жауапсыздық танытып келе жатқан ата-аналарды іздеп, тиісті тергеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Таяуда ғана тәртіп сақшылар 2017 жылдан бері сот шешімін орындамай жүрген әкені анықтады. Осы уақыт аралығында оның балалары алдындағы қарызы 4 млн теңгеден асып кеткен. Ол осы әрекеті үшін қамауға алынды. Қазір Қылмыстық Кодекстің 139-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Сол сияқты Ертіс ауданының тұрғыны соңғы үш жыл бойы балаларына ақша аударудан басын ала қашып жүр. Облыстық полиция департаменті қызметкерлері екі баласының алдында ата-аналық міндетін орындамаған бұл әкені де тапты. Бүгінде кәмелеттік жасқа толмаған балаларына 2 млн теңге берешек болып қалған оған қатысты да сотқа дейінгі тергеу басталды.
Жалпы, былтыр полиция қызметкерлері алиментті уақытылы төлемейтін 296 тұрғынды анықтаған. Оның 35-інің көлігі бар. Полицейлер ата-аналардың тұрғылықты жерін, олардың мүлкін анықтаған соң іске сот пен сот орындаушылар кірісті.
Айта кетейік, өткен жылдың алғашқы жеті айының өзінде-ақ жеке сот орындаушылар ата-аналардан шамамен 300 млн теңге болатын алиментті өндіріп алған болатын.