Елімізде өткен жылдың күзінен бері "Алимент төле!" жобасы іске асырыла бастағаны мәлім. Осы уақыт аралығында Батыс Қазақстан облысында алимент төлеуден жалтарып жүрген 80 адам әкімшілік, ал 14 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды 24.kz.
Қазіргі таңда прокурорлар олармен түсінік жұмыстарын жүргізіп, тіпті жұмысқа ораналастыруға да ықпал етуді қолға алыпты. 9 айда 786 әкенің есебінен өз балаларының пайдасына 120 миллион теңгеден астам қаржы өндіріліп алынды. Көлемді тексеру жұмыстарының нәтижесінде 500 астам борышкердің тұрақты түрде табыс табатыны анықталды. Тағы осыншама адамның жеке мал-мүлкі мен көлігі бар.
"Егер ақшалай өтей алмаған жағдайда мүлікпен есептесу жағдайлары да қарастырылады", – дейді прокурорлар.
"Біз жалпы саны 11 мыңдай құжатты қайтадан тексеріп шықтық. Ауқымды жұмыспен біздің қатардағы прокурорлар мен сот орындаушылары айналысты. Біздің есебімізше, борышкерлердің жалпы қарызы 800 миллион теңге. Осы жобаны іске асыру барысындағы 9 ай ішінде оның көлемі 500 миллион теңгеге дейін төмендеді, - деді облыс прокурорының аға көмекшісі Бауыржан Ахметжан.