Бүгін Әділет министрі Қанат Мусин Павлодар облысының тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке қабылдады. Кездесу барысында алимент төлеу мәселесіне баса назар аударылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Министрдің сөзінше, өңірдегі атқарушылық іс жүргізу жұмыстарының басым бөлігі алимент өндіріп алуға тікелей байланысты.
"Соңғы уақытта облыстағы алимент төлеуден жалтарып жүрген тұрғындардың саны төмендеді. Дегенмен, жеке сот орындаушыларының қолдарында әлі де 15 мың іс бар. Әкімшілік жауапкершілікке дейін және барлық қамтамасыз ету шаралар деңгейінде 483 азамат тіркелген", - деді Қанат Мусин.
Оның айтуынша, кейбір борышкерлер мүмкіндіктері бола тұра дүние-мүлкін жасырып, балаларына қарайласудан бас тартып жатады. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты әлі жетілдіру керек.
"Кейбір жағдайларда алимент төлеуге тиісті азаматтың ресми түрде тұрақты табысы мен мүлкі болмай жатады. Сондықтан олардан қаражат өндіріп алу да қиынға соғады. Бұл ретте жергілікті әділет департаменті мен әкімдіктер бірлесіп, борышкерлерді жұмысқа орналастыру мақсатында бос орындар жәрмеңкесін өткізуді қолға алды. Сол арқылы Павлодар облысында алимент төлей алмай жүрген 100-ге жуық адам жұмыс тапты", - деп атап өтті министр.
Жеке қабылдауға жазылған әйелдер қауымы да осы мәселені көтерді. Айталық, облыс тұрғындарының бірі бұрынғы жолдасынан 3 млн теңгені өндіріп ала алмай жүр. Министр оған қатысты қылмыстық іс қозғауға кеңес берді. Енді бірі баласының әкесінен ай сайын алатын 25% көлеміндегі өтемақыны аз деп санайды. Сондықтан оның көлемін арттыруға көмектесуді сұрады. Министр ол үшін сотқа арыз түсіру керек екенін айтты.
Сондай-ақ, ол Павлодар облысының тұрғындарына тәулік бойы тегін құқықтық қолдау көрсететін "109" бірыңғай байланыс орталығы барын еске салды.