Алименттен жалтарған әкенің бас бостандығы шектелді

Ол жеті жыл бойы балаларына тиісті ақы төлемей келген. 

Алименттен жалтарған әкенің бас бостандығы шектелді Фото: alau.kz

Павлодар облысының тұрғыны соңғы жеті жыл аралығында кәмелеттік жасқа толмаған балаларына 7 млн теңге көлемінде алимент төлеуі тиіс еді. Алайда ол балалары алдындағы берешекті өтеуге асыққан жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бұл мәселені жеке сот орындаушылар өз бақылауына алды. Барлық мәжбүрлеп орындау шаралары қолданылып, борышкер бірнеше рет шақырылып, берешекті өтеу қажеттігі туралы ескертілді. Алайда, балаларды әкесі алиментті өтеуге қатысты талаптарды мүлде елеген жоқ. Сондықтан  жеке сот орындаушысы Павлодар облысының әділет департаментіне борышкерді әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгізіп, соның нәтижесінде Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен борышкер екі тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.

Бірақ жылдар бойы алименттен жалтарып жүрген әке бұдан сабақ алмағанға ұқсайды. Екі тәуліктен соң бостандыққа қайта шыққанымен, әкелік міндеттемелерін орындауға асыға қойған жоқ. Керісінше, сот актісін орындаудан қасақана жалтарды. 

"Сот актісінің қасақана жалтаруы мен орындалмауын ескере отырып, Павлодар облысының жеке сот орындаушыларының Өңірлік палатасы, Павлодар облысының Әділет департаменті және Павлодар қаласының прокуратурасы үйлестіру кезінде, жеке сот орындаушысы Павлодар облысы полиция департаментінің анықтау басқармасына Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 139-бабы бойынша борышкерді қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы ұсынысы енгізілді. Павлодар облысының кәмелетке толмағандар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен борышкер Б.Р.Б. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 139-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және жазаны өтеудің бүкіл мерзімі ішінде жылына 100 (жүз) сағат мерзімге мәжбүрлі еңбекке тарта отырып, бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды, - дейді Павлодар облысы жеке сот орындаушыларының Өңірлік палатасының басшысы Дәурен Исабеков. 

Осылайша, әкімшілік жауапқа тартқаннан қорытынды шығармаған әке қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Үкім бүгін заңды күшіне енді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу