Алименттен жалтарғандар үйі мен көлігінен айырылды

Кейбіріне қатысты қылмыстық және әкімшілік іс қозғалды. 

Алименттен жалтарғандар үйі мен көлігінен айырылды Фото: Midjourney

Соңғы жылдары алиментті уақытылы төлемейтін ата-аналармен жұмыс қатаңдатылғанымен, тиісті төлемді жасамай жүрген жандар әлі де бар, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Павлодар облысының прокуратурасы балалары алдындағы міндетті өтемей жүрген әкелер мен аналарға қатысты шараларды мықтап қолға алды. Нәтижесінде жыл басынан бері төленбеген 875 млн теңге көлеміндегі қарыздарын өтеді.

Кейбірі алиментті уақытылы төлей алмай жүргеніне жұмыссыздық себеп екенін алға тартқан көрінеді. Сондықтан 330 борышкерге жұмыспен қамту орталығына есепке тұру қажет екені ескертілді. Тағы 90 адам тұрақты табыспен қамтылды.

"Шаралар барысында борышкерлердің жылжитын және жылжымайтын мүлкі де ескеріледі. Айталық, 38 ата-ананың жүргізуші куәлігінің жарамдылығы уақытша тоқтатылды. Балаларына қарыз болып жүрген 6 адамның көлігі айып тұрағына қойылды. Сол сияқты жалпы сомасы 22 млн теңгеден асатын 8 жылжымайтын мүлік берешектің өтемі ретінде өндіріп алушыларға берілді", – деп мәлімдеді прокуратура өкілдері.

Сонымен қатар, алиментті төлеу міндетін орындамағаны үшін 34 адам қылмыстық жауапкершілікке, 260 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу