Әлішер Пірметов: "Самұрық-Қазынаның" сатып алулары ЕАЭО-ға ортақ

751

Квазимемлекеттік сектордағы сатып алу шараларын жетілдіретін заң жобасы "Самұрық-Қазынаның" оң жамбасына келеді.

Әлішер Пірметов: "Самұрық-Қазынаның" сатып алулары ЕАЭО-ға ортақ

Еуразиялық экономикалық одақтың Ресей сияқты белді мүшелері ішкі сатып алуларға одақтас елдердің өндірушілерін кіргізбейтіні туралы көптеген шағым айтылып келеді. Жария түрде тыйым салынбағанымен, көрші елдердің өнімін ішкі нарыққа енгізбеудің жасырын тетіктері бұл елде сағатша сақылдап жұмыс істейтінін қазақстандық кәсіпкерлер талмай айтып жүр. Осы шағымдарды ескерсе керек, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры да Ресейдің тәсілін өз сатып алуларына қолдана бастады. Қордың басқарма төрағасының орынбасары Әлішер Пірметов аталмыш шаралардың алғашқы нәтижесіне тоқталды. 

"Бұл бірыңғай экономикалық кеңістік болғандықтан, ЕАЭО өндіршуліерінің қордың сатып алуларына қатысуына тікелей тыйым болмайтыны түсінікті. Дегенмен, біз пысықтаған механизм бірінші кезекте отандық өндірушілерге сала-сала бойынша қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Біздің өндірушілердің әлеуеті жеткілікті. Отандық кәсіпкерлердің сол әлеуетін іске салып, оффтейк-келісімшарттар арқылы пайдаланамыз. Дегенмен, ЕАЭО елдерінің біздің сатып алуларған қатысуына заңдық тұрғыда ешқандай шектеу жоқ екенін тағы да айтқым келеді", - деген Әлішер Пірметов осы бағытта қолға алынған жаңа заң жобасына баға берді. 

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша квазимемлекеттік сатып алуды реттейтін заң жобасы дайындалып жатыр. Оны Қаржы министрлігі жасауда. Біз бұл бағытта тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Әзірше заң жобасындағы өзгерістер біздің қолдағы пысықтаулармен сәйкеседі. Сатып алу жүйесін әрі қарай да жетілдіріп, өзіміздің кәсіпорындардың өндірісін қолдауға жол ашады. Жаңа жобада осы талаптар сақталған. Бұл біз үшін өте маңызды", - деді ол.

Есжан Ботақара
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу