Әлия Юсупова "Шымкент қаласының құрметті азаматы" атанды

173

Қазақстан гимнастика федерациясының басшысы Әлия Юсуповаға "Шымкент қаласының құрметті азаматы" атағы берілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Әлия Юсупова "Шымкент қаласының құрметті азаматы" атанды Фото: aliya_yussupova15

Бүгін Шымкентте Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, экономика мен қоғамның дамуына сіңірген еңбегі үшін әртүрлі салаларда адал қызмет етіп жүрген бірқатар азаматтарға наградалар табыс етілді.

– Спорт саласын дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға қосқан үлесі үшін Әлия Юсуповаға "Шымкент қаласының құрметті азаматы" атағын табыстадым, – деп атап өтті Ғабит Сыздықбеков.

Өз кезегінде белгілі спортшы Шым қаланың құрметті азаматы атану үлкен абырой және мәртебе екенін айтты.

– Бүгін, Шымкент қаласы әкімі Ғабит Сыздықбековтың өкімімен "Шымкент қаласының құрметті азаматы" атандым. Шырайлы Шым қаламыздың құрметті азаматы атану мен үшін үлкен абырой және мәртебе! Қала басшылығына үлкен ризашылығымды білдіремін, – деп жазды Әлия Юсупова.

Айта кетейік, Әлия Юсупова – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері және еңбек сіңірген бапкері. Ол екі рет Олимпиада ойындарында өнер көрсетті. 2004 жылы Афинада Юсупова жүлдеден бір қадам қалыс қалған болса, 2008 жылы Бейжіңде 5-ші нәтиже көрсетті.

Оның басшылығымен 3 спортшы Олимпиада ойындарына жолдама алды. 2016 жылы Сабина Әшірбаева, 2020 жылы Әлина Әділханова, ал 2024 жылы Эльжана Таниева Олимпиадада өнер көрсетті.

Көркем гимнастикадан Қазақстан спортшылары Азия чемпионаттарында, Азия ойындарында және Әлем кубогы мен Гран-при кезеңдері секілді беделді әлемдік турнирлерде жүлделі орындарға ие болды.

Әлия Юсупова "Ерен еңбегі үшін", "Әлемдік деңгейдегі гимнаст" медальдарымен және "Құрмет", "Парасат" ордендерімен марапатталған.

Ол 2021 жылы Қазақстан гимнастика федерациясының президенті қызметіне келген еді. Ал былтыр Юсупова Қазақстан гимнастика федерациясының басшысы қызметіне қайта сайланды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу