Сенат екінші оқылымда "Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту бойынша өзгерістер енгізу туралы" заңы жобасын қабылдады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі
Сенат отырысында аталған заң жобасына қатысты баяндама жасаған Сенат депутаты Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, алқа билер арқылы азаматтық қоғам да сот төрелігіне атсалыса алатын болады
"Нәтижесінде сот төрелігін іске асыру рәсіміне азаматтық қоғамның қатысу аясы кеңейіп, қылмыстық істерді қарау кезіндегі азаматтарға қатысты әділдікті жүзеге асыруға және оны бақылауға мүмкіндік болады. Сотталушының кінәлі немесе кінәсіздігі туралы шешім қабылдануына азаматтық қоғамның қатысуы қамтамасыз етіледі", - деді Нұрлан Бекназаров.
Сенатордың дерегінше, соңғы үш жыл ішінде алқабилер қатысуымен қаралған 130-істің 14-і бойынша ақтау үкімі шығарылып, тек үшеуіне ғана апелляциялық шағым болған. Сонымен қатар, Жоғарғы Сот тарапынан үш жылда алқабилер сотымен қабылданған ақтау үкімдерінің ешқайсысының күші жойылмаған.
"Заң жобасымен, алдыңғы қабылданған 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап алқабилер сотының қарауына жататын 32 құрамнан тұратын аса ауыр қылмыстарға қосымша, ауыр және ауырлығы орташа қылмыстардың бір бөлігін (13 құрамын) 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап алқабилер соты қарауына енгізу көзделген. Онда жалпы 45 құрам болады", деді Нұрлан Бекназаров.
Ал, отырыста аталған заң жобасына қатысты қосымша баяндама жасаған сенатор Рысқали Әбдікеровтың айтуынша, Алқабилер қатысатын істер санатын кеңейту – әділ сот төрелігінің маңызды шарты және сот төрелігін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.
"Алқабилер соты – халық өкілдерінің қатысуымен сот билігін жүзеге асырудың аса ұтымды нысаны. Сондықтан, алқабилер институтын одан әрі де жетілдіру керек және мүмкіндігінше алқабилер сотының кең қолданылғаны қажет деп санаймын", деді Рысқали Әбдікеров.
Қолданыстағы "Алқабилер туралы" Заң талаптарына сәйкес алқабилерді жергілікті атқарушы органдар қалыптастырып келген. 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап тізімді жасақтау электрондық жүйеге өткізіліп, біріңғай бір тізім жасалынады деп күтілуде.
Сенат "Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту бойынша өзгерістер енгізу туралы" заңы жобасын екінші оқылымда мақұлдады.