Алқабилер сотының істерді қарау құзыреті кеңейіп келеді

1079

Алқабилер сотының істерді қарау құзыреті кеңейіп келеді

Жоғарғы Сот "Қазақстанда алқабилер сотын жетілдіру" тақырыбында "дөңгелек үстел" өткізді, деп хабарлайды Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.

Оның жұмысына Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Майкл Гиффорд, парламент мәжілісінің депутаттары, судьялар, президент әкімшілігінің, Конституциялық Кеңестің, бас прокуратураның, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың, Астана әкімдігінің, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғалымдар, адвокаттар мен т.б. қатысты. 

Форумға қатысушылар алқабилер институтын одан әрі дамытуға, соның ішінде алқабилікке кандидаттарды сотқа дейін іріктеу рәсімдеріне қатысты мәселелерді талқылады.

Форум жұмысын Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин ашты.

Қазақстанда алқабилер сотының құрлықтық моделі 2007 жылдан бастап қолданылып келеді. Оны енгізудегі негізгі мақсат – азаматтардың басым бөлігін сот төрелігін жүзеге асыру процесіне тарту.

"Мұндай "халықтық қатысу" азаматтардың құқықтық мәдениеті мен санасын, сондай-ақ сот жүйесіне деген сенімін арттырады", - деді Абай Рахметулин. 

Алқабилер қараған істер санының 2007 жылы 36-дан 2013 жылы 189-ға дейін артуына алқабилер сотының істерді қарау құзыретінің кеңеюі ықпал етті. Ұлт Жоспарын орындау мақсатында алқабилер сотының соттылығы заңнамалық негізде аса ауыр қылмыстардың 4 құрамымен толықты. Осы өзгеріс алқабилердің қатысуымен қаралған істер санының біршама өсуіне  негіз болды.  

Абай Рахметулин алқабилер тізімінің сапасыз әзірлену мәселесіне, олардың сот отырыстарына келмеу жағдайларының орын алатындығына, тұрғындарға осы институттың қызметін түсіндіру қажеттігіне де назар аударды.

Бұдан әрі Жоғарғы Соттың судьясы Серік Әбнасыров, мәскеулік сарапшы Сергей Насонов, адвокаттар Данияр Қанафин мен Гүлнәр Сүлейменова алқабилер институтын жетілдіру туралы пікірлерімен бөлісті. Ұлыбританиялық барристер Пол Мейсон қылмыстық сот төрелігі жүйесіндегі алқабилердің негізгі рөлі туралы ойларын ортаға салды. 

Елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Әділхан Шайхисламов, Астана қаласы әкімдігінің өкілі Айбол Ибрагимов пен адвокат Елена Дворецкая алқабилікке кандидаттардың тізімдерін құруда туындайтын мәселелерге тоқталып өтті.       

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу