Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
"Өздеріңізге белгілі, Қашаған, Қарашығанақ секілді ірі жобалардың акционерлерімен бірлесіп, ірі газ өңдеу зауыттарының құрылысына бастама білдірдік. Егер де Қашаған туралы айтатын болсақ, бастапқы кезеңде жылына қуаты 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылысы жоспарланып отыр", - деді ведомство басшысы Еуразиялық KAZENERGY форумының баспасөз залында.
Министрдің сөзінше, бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған QazaqGaz компаниясы жауапты.
"Қашаған бойынша келесі кезеңде 6 млрд текше метр газ өңдеуге арналған зауыттың құрылысын айтуымызға болады. Оның баламалы сценариіне өндіру көлемін арттыру үшін бұл газды Теңіз кен орнындағы қабатқа айдау жатады. Мұны тиісті техникалық-экономикалық зерттеулер көрсетуі тиіс. Бұл 2030 жылдан кейінгі уақыт еншісінде. Егер де Қарашығанақ жобасы бойынша айтатын болсақ, мұнда жақсы динамика байқалып отыр. Жылына қуаты 4 млрд текше метр болатын зауыт құрылысына жауапты мердігерді таңдау бойынша бастапқы ресім жүргізілуде. Онда жұмыс кесте бойынша жүріп жатыр", - деп атап өтті министр.
Айта кету керек, осыған дейін Энергетика министрлігі АИ-95 маркалы бензин бойынша жағдайға тоқталған болатын.