Жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру және теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларды орындау аясында "ҚТЖ" ҰК" АҚ Басқарма Төрағасы Талғат Алдыбергенов қазіргі уақытта жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан "Алматы-1" теміржол вокзалын тексерді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Сапар барысында басқарма төрағасы объектінің жай-күйі, орындалып жатқан жұмыстардың барысын және вокзал инфрақұрылымының негізгі элементтерінің дайындық дәрежесін бағалады.
Тексеру қорытындысы бойынша Талғат Алдыбергенов жөндеу және құрылыс іс-шараларын жүргізуге жауапты мердігер ұйымдар тарапынан жұмыстардың нашар ұйымдастырылғанын айтты. Жұмыстың қарқыны мен сапасы белгіленген талаптар мен мерзімдерге сәйкес келмейді.
"Анықталған кемшіліктерге байланысты Басқарма төрағасы "Алматы-1" вокзалындағы жұмысты күшейтуді және жандандыруды, мердігерлердің қосымша ресурстарын жұмылдыруды, мерзімдер мен сапа стандарттарының сақталуын қатаң бақылауды қамтамасыз етуді, сондай-ақ жобаны іске асыруды ерекше бақылауға алуды тапсырды", – делінген хабарламада.
Құрылыс алаңындағы қауіпсіздік, мердігерлік ұйымдардың іс-қимылдарын үйлестіру және жұмыс жүргізу кезеңінде жолаушылар үшін қолайсыздықты азайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
"Алматы-1" вокзалын реконструкциялау жолаушылар аймақтарын жаңартуды, инженерлік жүйелерді жаңғыртуды, ғимараттың энергия тиімділігін арттыруды, заманауи навигациялық жабдықтарды енгізуді және тұрғындардың мобильділігі төмен топтары үшін қолжетімділік жағдайларын жақсартуды көздейді.
Жобаны іске асыру сервис деңгейін арттыруға, жолаушылар үшін қолайлы және қауіпсіз орта құруға, сондай-ақ қаланың және тұтастай елдің көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.