Алматы агломерациясын дамыту бойынша жаңа жобалар талқыланды

361

Газдандыру, жол инфрақұрылымы және экологиялық жобаларға басымдық берілді.  

Алматы агломерациясын дамыту бойынша жаңа жобалар талқыланды Фото: Almaty_akimdigi telegram

Алматы қаласы мен Алматы облысы аумақтарын бірлесіп дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алматы агломерациясы жергілікті кеңесінің отырысын өткізіп, қала маңындағы аумақтарды дамытудың негізгі бағыттарын талқылады.

Жиында Қарасай, Іле және Талғар аудандарын газдандыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Елді мекендердің ішкі газ желілерін салу жұмыстарын жеделдету, тұрғын үйлерді газға қосу рәсімдерін жеңілдету және тұрғындарға қолжетімді қаржыландыру тетіктерін енгізу жоспарланып отыр.

Көлік инфрақұрылымын дамыту да күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі болды. Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына қосылатын радиалды бағыттағы жолдарды дамыту, оның ішінде Абай және Рысқұлов даңғылдарын, сондай-ақ Саин көшесін ұзарту жобаларын іске асыру жалғасады. Бұл шаралар қала жолдарындағы көлік жүктемесін азайтып, транзиттік көліктің тұрғын аймақтарды айналып өтуіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Түрксіб ауданындағы бес көмір базасын Алматы облысының аумағына көшіру мәселесі қаралды. Бұл қала аумағындағы экологиялық және көлік жүктемесін төмендетуге бағытталған.

Алматы агломерациясын дамыту аясындағы аталған жобалар қала мен оған іргелес аумақтардың инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу