Алматы қаласында пайдалану мерзімі аяқталған және техникалық жарамсыз деп танылған қоғамдық көліктер тағы да сатылымға қойылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл автобустар Алматы облысының Қайназар ауылында орналасқан "Дархан" ЖШС-не қарасты арнайы тұрақта тұр. Бағалау құжатында көрсетілгендей, көліктердің техникалық жағдайы сын көтермейді: салоны мен орындықтары бүлінген немесе мүлде жоқ, ал кейбір көлік құралдары мүлдем жарамсыз күйде.
Жалпы лоттың құны - 93 314 747 теңге. Осылайша, бір автобустың орташа бағасы 162 мың теңгеден аспайды.
Аукционға шығару туралы хабарлама 2025 жылдың 14 мамырында жарияланған. Өтінімдерді қабылдау 3 маусым күні сағат 08:00-ге дейін жалғасады, ал сауда-саттықтың өзі сол күні сағат 10:00-де басталады.
Аукцион шарттарына сәйкес, жеңімпаз сатып алынған мүлікті 60 күнтізбелік күн ішінде өз есебінен алып кетуге міндетті. Қажет болған жағдайда автобустарды бөлшектеу және металл сынықтары күйінде өңдеу тек қоймадан тыс жерде жүзеге асырылуы тиіс.
Айта кетейік, бұл автобустар бұған дейін де - 2025 жылдың 2 мамырында аукционға шығарылған болатын. Алайда ол кезде аукцион сәтсіз аяқталған.