Алматы әкімдігі тұрғын үй заңнамасына өзгеріс енгізуді ұсынғалы отыр

1157

Алматы әкімдігі тұрғын үй заңнамасына өзгеріс енгізуді ұсынғалы отыр

Алматы әкімдігінде қала басшылығы мен Мәжіліс депутаттары Пәтер иелері кооперативі (ПИК) қызметі туралы заңнамаға енгізілуі ықтимал өзгерістерді талқылады, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

Мамандар мәлімдегендей, "ҚР Тұрғын үй қатынастары туралы" заңының ПИК-терге қатысты тарауына 1997 жылдан бері еш өзгеріс енгізілмеген. Тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Өскенбаевтың айтуынша, ПИК-тердің тұрғындар алдындағы жауапкершілігін арттыру мақсатында сарапшы топ 29 өзгерту ұсынбақ.

"Әкімшілік шығындар көпшілікке белгісіз. Кейбір ПИК-тердің шығыны 80 пайызға жетіп отыр. Сонда тек 20 пайыз ғана үйді жөндеу мақсатына жұмсалады. "Тұрғын үй қатынастары туралы заңына" ПИК-тердің есепшотындағы соманы қадағалауға рұқсат беретін мүмкіндік керек.  ПИК басшысын өзгерту үшін сот шығындарын да ортақ қаржыдан шығаруды доғару қажет", - деді ол.

Сондай-ақ, ПИК-терге жинақталған соманы тұрғындардың рұқсатымен ғана жұмсау ұсынылды. ПИК төрағаларының қызмет өтілін 3 жылға дейін қысқарту көзделген.

"Әлбетте ПИК пен тұрғындардың ғана емес, олардың мемлекеттік органдармен қатынасын реттеу қажеттілігі туып отыр. Бұл ұсыныстарды қаперге аламыз", - деді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлмира Исимбаева.

Алматы әкімдігінің хабарлауынша, қалада қазір 8,5 мың көппәтерлі үй бар. Оларда 800 ПИК жұмыс істеп келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу