Алматы әкімі Бауыржан Байбек Ресейдің, Өзбекстанның, Франция мен Оңтүстік Кореяның бас консулдарымен екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ресей Федерациясының бас консулы Евгений Бобровпен кездесу кезінде тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.
Ежелден Ресей Қазақстанның негізгі экономикалық серіктесі болып табылады. Алматы әкімдігі мен Мәскеу, Санкт-Петербург және Қазан қалалары мэриялары арасында бірқатар бағыттар бойынша ынтымақтастық орныққан. Алматы мен көрші ел арасындағы тауар айналымы тұрақты өсуде. Тек соңғы жылдың өзінде көрсеткіш 12%-ға артқан.
Көрші Өзбекстанмен де экономикалық қарым-қатынаста позитивті динамика орын алуда. Өткен жылдың 9 айы ішінде бұрнағы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тауар айналымы 47,8%-ға өсіп, 281,6 млн АҚШ долларын құраған.
Өзбекстанның бас консулы Аброр Фатхуллаев өзінің сөзінде келтірілген цифрлардың тараптар арасындағы сенім мен серіктестік ынтымақтықтың жоғары деңгейін көрсететінін айтты. Сонымен қатар, Алматыдағы орталық көшелердің біріне Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтың аты берілгені үшін Қазақстан Республикасына ерекше риза екенін жеткізді.
"Бұл екі ел арасындағы достықты одан әрі нығайтудың маңызды кезеңі болып табылады", – деп атап өтті ол.
Дәл осы күні Бауыржан Байбек Францияның бас консулы Алексис Шахтахтинскимен және Оңтүстік Кореяның бас консулы Ким Хын Сумен жасыл технологиялар саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту және туристік кластерді дамытуда тәжрибе алмасу мәселелерін талқылады.