Алматы әкімі қоғамдық көлікке қатысты мәселелерді қалай шешпек

914

Бақытжан Сағынтаев мегаполис тұрғындарына есеп берді.

Алматы әкімі қоғамдық көлікке қатысты мәселелерді қалай шешпек Фото: almaty.gov.kz

Есептік кездесуде Бақытжан Сағынтаев шаһарда әлеуметтік маңызы бар қоғамдық көліктердің бағыттары әкімдік тарапынан қосымша субсидияланатынын мәлімдеді, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.

"Біздің субсидиялаудағы басты мақсатымыз – жол жүру тарифтерінің өсуіне жол бермеу. Сондықтан 2021-2022 жылдарға біз ұсынған есеп бойынша орташа тарифпен 154 әлеуметтік бағыттарға 200 теңге көлеміндегі субсидия 47,4 млрд теңгені құрайды", – деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

2019 жылы субсидия 23,1 млрд теңгені құраса, 2020 жылға 24,2 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде жеңілдетілген санаттағы жолаушылар үшін тікелей өтемақы 4 млрд теңгені құрайды (2019 жылы – 5,3 млрд теңге).

2020 жылға 401 автобус сатып алу жоспарланған.

Айта кету керек, биылғы жылдан бастап қалада көбінесе газбен жүретін электроавтобустарды сатып алуға көңіл бөлінбек. Сонымен бірге жолаушылар тасымалын субсидиялау сомасы да артады.

"2020 жылы күн сайын 291 автобус шығатындай 24 қалалық және қала маңындағы маршруттар ашу жоспарланған. Сондай-ақ, Алматы – Қапшағай қала маңы маршрутын ұйымдастыру мәселесі қарастырылуда",– дейді әкімдіктен.

Бұл шаралар орташа жолаушылар ағынын күніне 850 мыңнан 1,2 млн адамға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бермек.

Сонымен қатар, ҚТЖ ҰК АҚ-мен Алматы облысының жақын қалаларына электр пойыздарын іске қосу жобасы әзірленуде. Метрополитен желілерінің құрылысы қоғамдық көлік мәселелерін шешетін маңызды бағыттардың бірі. Бүгінде 9 станса жұмыс істеуде. Ұзындығы 3,1 шақырым болатын "Сарыарқа" және "Достық" стансаларының құрылысы Абай даңғылы бойымен батыс бағытта және Алтынсарин даңғылынан Момышұлы көшесіне дейін жалғаспақ. Аталған стансаларды 2021 жылдың соңына қарай пайдалануға беру жоспарлануда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу