Алматы қаласы мәслихатының VII шақырылымының кезектен тыс II сессиясы барысында мәслихат депутаттары шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаевтың "Креативті индустриялар басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесін құру туралы бастамасын қолдады.
Айта кету керек, "Алматы-2050" даму стратегиясына сәйкес қала экономикасында креативті экономиканы дамыту бағытында құрылымдық өзгерістерді жүзеге асыру жоспарланған. Осы мақсатта Кретивті индустрияны дамыту стратегиясы қабылданды.
"Мегаполис үнемі ойлау қабілеті ұшқыр, креативті, талантты және бірегей адамдарды біріктіреді. Креативті индустрия-экономиканы дамытудың болашағы кең бағыттарының бірі, ірі қалаларды әлемдік қоғамдастық үшін ерекше тартымды ететін олардың қозғаушы күші. Бүкіл әлемде креативті индустриялар әлеуеті өнеркәсіптік саясаттың ажырамас бөлігіне айналуда. Бұл ерекше салалар Ұлыбритания, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Ресейде және басқа да көптеген елдерде мемлекеттік қолдауға ие", – деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.