Алматы әкімі ҰОС ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтады

703

Қала басшысы ардагерлерге ерлігі үшін ризашылық білдіріп, сыйлықтар табыстады. 

Алматы әкімі ҰОС ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтады Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Ұлы Отан соғысының ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтады, деп жазады inbusiness.kz қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ерболат Досаев 16 жасында соғысқа аттанған Бисенғали Жұбаниязовқа арнайы барды. 1942 жылы Рига жаяу әскер училищесін бітіргеннен кейін жас өрен 40-шы армия бригадасының құрамына кірген. Смоленск маңында алғашқы ұрысқа кіріскен. Батылдығы мен ерлігі үшін орден-медальдармен марапатталды. Кескілескен ұрыстың бірінде қатты жарақаттанып, жеңісті Солтүстік майданда қарсы алыпты.

Қала әкімі Бисенғали Айтжанұлының өмір жолы ерліктің, өрліктің және әскери борышқа адалдықтың жарқын үлгісі екенін атап өтті.

"Былтыр жеңіс күнін тойлау кезінде айтқан сөзіңіз, ақылыңыз және жылы тілегіңіз әлі есімде. Сізді осы мерейлі мерекеде деніңіз сау, тату-тәтті отбасының арасында жақсы көңіл-күйде отырғаныңызды көру үлкен бақыт.Сіздің балаларыңыз бен немерелеріңіз бақытты жандар, өйткені сіздей Ұлы Отан соғысындағы жеңіс, ортақ болашағымыз үшін қажырлы еңбек сынды талай игі іс тындырған ақсақал, әулет басшысынан бата алып отыр. 2 жылдан кейін сіздердің мерейтойларыңыз болады, сіздің 100 жылдығыңызда тағы да кездесіп, тойлауды жазсын", - деді кездесу барысында Алматы әкімі.

Ардагер өз кезегінде ұзақ өмір сүрудің құпиясымен бөлісті.

"Қазір жасым 98-де. Денсаулық – ең әуелі тәртіп. Мен ерте тұрамын, жаттығу жасаймын, төсек жинаймын. Бәрін өзім жасаймын, тек өзіме сенуге тырысамын. Бұл сергек жүруге көмектеседі. Менің ойымша, өмірде әрқашан тәуелсіз болу керек. Мұны біздің болашақ ұрпағымызға да тілеймін", - деді Бисенғали Жұбаниязов.

Владимир Белозеров 18 жасында майданға аттанды. Ол Харьков пен Кременчугтағы шайқастарға қатысып,Днепрді кесіп өтті. Шайқастың бірінде ол қатты жарақат алып, майдан даласына қайтып оралмады. Владимир Белозеров ерлігі үшін Қызыл жұлдыз және Отан соғысы ордендерімен марапатталды. Бейбіт өмірде де марапаттан кенде болмады: Владимир Белозеров еңбектегі жоғары көрсеткіштері үшін Қазақстандағы үздік марапат Ленин орденін алды. Ол 28 жыл Алматы құрылыс материалдары комбинатында жұмыс істеді.

"Біз сіздің алдыңызда қарыздармыз. Қонақжайлылық, жылы қарым-қатынас, энергияңыз және өмірге деген сүйіспеншілігіңіз үшін алғыс айтамын. Мұның бәрі махаббаттан басталады: жұбайыңыз екеуіңіз бізге үлгісісіздер. Мен сіздің өміріңізде бәрі жақсы болғанын қалаймын", - деді шаһар басшысы.

Владимир Дмитриевич барлық қазақстандықты Жеңіс күнімен құттықтады.

Зұлхарнай Сейітовтың майдандағы тарихы 1942 жылы Свердловск қаласында әскери істі оқып, Ленинградқа жіберілген кезде басталды. Зұлхарнай Сейітов көп оқыды: алдымен жау танктерін жою үшін арнайы дайындықтан өтті, кейінірек минаны залалсыздандыру үшін саперді оқыды. Ол Сталинград шайқасына, Белоруссия мен Польшаның азат етуге, Берлинді шабуылдауға қатысқан.

Оның көптеген жауынгерлік марапаты бар, соның бірі Қызыл Жұлдыз ордені және "Ерлігі үшін" медалі. 1945 жылы 2 мамырда қазақстандық батыр Рейхстаг қабырғасында өзінің тегін жазды. Оқуға деген сүйіспеншілік соғыстан кейінгі өмірде де жалғасын тапты. Зұлхарнай Сейітов Омбы ауылшаруашылық институтын бітіріп, биология ғылымдарының докторы болды. 150-ден астам ғылыми еңбек пен монография, 14 патент және 8 авторлық куәлігі – ғылымға қосқан өлшеусіз үлес. Зұлхарнай Сейітовтың көптеген әзірлемесі мен жаңалықтары әлі күнге дейін медицина мен тамақ өнеркәсібінде қолданылады.

Ардагер майданнан және бейбіт өмірден алған естеліктерін Ерболат Досаевпен қуана бөлісті.

Бұған қоса ҰОС ардагерлерінің үйіне қала әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, басқарма басшылары да ат басын бұрды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу