Алматының символы саналатын апорт алмасы шетел нарығына шығарылмақ. QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы мен Алматы апортын өндірушілер қауымдастығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жақында Германияда өткен Grüne Woche 2026 халықаралық көрмесіне қатысқан қауымдастық, апортқа еуропалық серіктестердің қызыққанын айтады. Тек алма емес, одан жасалған өнімдерге еуропалықтардың қызығушылығы жоғары.
Бүгінде Алматы апортын өндірушілер қауымдастығына 8 шаруашылық кіреді. Жыл сайын олар 1500-2000 тонна өнім өндіреді. Әзірге экспорт көлемі төмен. Сондықтан жаңа меморандум тұрақты экспорт жүйесін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Қауымдастық президенті Роман Сафаровтың айтуынша, Берлиндегі көрмеге QazTrade-тің шақыруымен қатысқан.
"Апорттың басты ерекшелігі – оның табиғатында. Бұл жаппай өсірілетін, ұзақ сақтауға арналған сорт емес. Апорт ірі, дәмі қанық, хош иісі ерекше болып келеді. Біздің алма бақтар теңіз деңгейінен 850 метрден жоғары орналасқан. Алманың дәміне таулы аймақтың климаты әсер етеді", – дейді Роман Сафаров.

"Алматы апорты географиялық көрсеткіш ретінде тіркелген. Бұл мәртебе оның табиғи ерекшелігін қорғайды. Алматының тау бөктеріндегі топырақ, таза су және температура өнім сапасын қалыптастырады. Географиялық көрсеткіш брендті шетелде премиум өнім ретінде ілгерілетуге мүмкіндік береді", – дейді QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров.
Меморандум аясында Сауда және интеграция министрлігіне қарасты QazTrade ұйымы апорт өндірушілерді сыртқы нарықта сүйемелдейді. Халықаралық көрмелерге қатысу, келіссөз жүргізу және серіктес табу бағытында қолдау көрсетеді.