19 маусым күні Алматы-Атырау бағытындағы №29/30 жолаушылар пойызының бригада мүшелері Ноғайлы стансасына жетпей шұғыл түрде жолаушыны босандырып алуға мәжбүр болды. Бұл туралы "Қазақстан темір жолы" АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, жолсеріктер толғағы келген әйелге көмектесу үшін барлық қажетті шараларды қолданды, ол жайлы пойыз машинисіне хабарланып, жақын маңдағы станцияға жедел жәрдем қызметі шақырылды.
"Біз жолсеріктеріміз Балғаным Қарин мен Ақмамық Бекеноваға алғыс айтамыз. Пойыз бригадасы мен жолаушылардың үйлесімді жұмысының арқасында пойызда бала аман-есен дүниеге келді", – деді вагонның жолсерігі Марал Әділбекова.
Ақпаратқа сәйкес, Сағыз стансасына жеткен соң жаңа туған сәбиі мен анасы жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырылды.