Алматы халықаралық әуежайы бірінші тексеру желісі орнатылғанын хабарлады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Құрметті жолаушылар! Авиациялық қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында Алматы халықаралық әуежайында бірінші тексеру желісі орнатылды. Терминалға кіре берісте жолаушылар мен қол жүгін тексеру үшін қосымша 5 тексеру пункті орнатылған. Бұл шара уәкілетті органның ерекше өкіміне дейін қолданылады. Осыған орай әуежайға келу уақытыңызды алдын ала жоспарлауыңызды сұраймыз", - делінген хабарламада.
Айта кету керек, Азаматтық авиация комитеті биылғы 1 мамырдан бастап еліміздің барлық әуежайында авиациялық қауіпсіздікті күшейту бойынша вокзал маңындағы алаңдарда, паркингтерде және жолаушылар терминалдарында қосымша шаралар енгізілетінін хабарлаған болатын. Жолаушылар терминалдарына кіре берістегі бірінші тексеру желісі тыйым салынған заттардың тасымалдануына жол бермеу үшін енгізіледі.