Алматы әуежайында ғимаратты қайта жаңғырту жұмыстарының басталғаны хабарланды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– 13 желтоқсаннан бастап Майлин көшесі жағынан әуежай аумағына кіретін негізгі кіреберіс бөлікті қайта жаңғырту жобасы басталады. Жоба аясында кіреберістегі арка құрылымы жаңартылып, қосымша абаттандыру жұмыстары жүргізіледі, – делінген Әуежайдың баспасөз қызметі хабарламасында.
Бүгін басталған бірінші кезең 2,5 айға созылады, одан кейін дәл сондай мерзімге есептелген екінші кезең басталады.
Алматы әуежайының мәліметінше, бірінші кезең барысында жолаушылар үшін үш кіреберіс пен үш шығаберіс қолжетімді болады.
– Жөндеу жұмыстары кезінде бес шығаберіс уақытша жабылатынын ескертеміз. Сонымен қатар әуежай аумағындағы көлік қозғалысы балама бағыттар арқылы ұйымдастырылады, бұл терминалдарға кедергісіз кіріп-шығуды қамтамасыз етеді, – деп қосты баспасөз қызметі.
Жолаушылардан әуежайға баратын бағытты жоспарлау кезінде осы ақпаратты ескеріп, мүмкіндігінше ертерек келу сұралды.