Шараны Алматы қаласының Туризм басқармасы, Алматы халықаралық әуежайы, шекаралық бақылау қызметі мен "Жетісу" кеден бекеті бірлесіп ұйымдастырып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Мақсаты – Алматыға келген шетелдік туристерге ұлттық мерекенің ерекше атмосферасын сезіндіру, қазақ халқының қонақжайлығын көрсету және елдің мәдени мұрасын таныстыру. Акция барысында 10 мыңға жуық шетелдік жолаушыға ерекше сый-құрмет көрсетіледі.
Туристерге қандай сый әзірленді?
Алматыға ұшып келген шетелдік жолаушылар паспорттық бақылау мен кедендік тексеру аймағында ұлттық ою-өрнекпен безендірілген тәтті кәде-сый алады.
- Кәдесый құрамында қазақтың ұлттық тәттілері бар.
- Әуежайда арнайы фотозона ұйымдастырылып, ұлттық нақыштағы баннерлермен безендірілді.
- Келушілерге қазақтың дәстүрлі киімдерін (шапан) киіп, естелік суретке түсу мүмкіндігі беріледі.
Бұл бастама Алматыға келген қонақтарда қала туралы жылы әсер қалдырып, ұлттық дәстүрлермен жақынырақ танысуына мүмкіндік береді.