Алматы бас жоспары 2015 жылдан бері бекітілмей келеді

1410

Оның басты себебі – қала маңында орналасқан елдімекендердің сейсмикалық картасының қабылданбауы. 

Алматы бас жоспары 2015 жылдан бері бекітілмей келеді

Алматының қазіргі бас жоспары 2003 жылы 2020 жылға дейін бекітілген. Жаңа жоспар мегаполис маңындағы аудандардың даму қарқынын есепке ала отырып, қабылдануға тиіс еді. Алайда оған Алматыға жақын орналасқан аудандардың сейсмикалық картасының жасалмауы кедергі келтіріп отыр. Бұл туралы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов қоғамдық кеңес отырысында айтты. 

"2011 жылдан бері Алматы аумағы үш рет кеңейтілді. Қала 70 мың гектарға ұлғайды. 2013 жылдан бері бас жоспарға өзгерістер енгізіле бастады. Бірақ оны бекітуге шаһар жанындағы шағын аудандардың сейсмикалық картасының жасалмағаны кедергі келтіруде. Бұл бағдарламаның әкімшісі – Білім және ғылым министрлігі. Олар қазір сейсмикалық картаның техникалық-нормативтік құжаттарын ұсынуы керек. Келесі жылы қала оған 40 млн теңге бөледі. Осы карта дайын болған соң, бас жоспарды бекітеміз. Жалпы бас жоспар 2015 жылы бекітілуге тиіс болатын. Содан бері уақытты созып келеміз",– деді Алмасхан Ахмеджанов.

Сонымен қатар басқарма басшысы келесі жылы бас жоспар бекітілсе, төрт жылдан бері ескіріп қалған техникалық-экономикалық мәліметтер базасын жаңартуға қосымша қаражат керектігін айтты. Бұдан бөлек Алматының жаңа бас жоспарына шаһар басшысының "Үлкен Алматы" бағдарламасы бойынша қабылдаған өзгерістері де енгізіледі. Нәтижесінде қала аумағына қосылған аудандардағы инфрақұрылымдар ретке келтіріліп, мәдени нысандар бой көтермек.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу