Алматыдан Бішкекке апаратын автожол 8 жолаққа дейін кеңейтіледі

256

Республикалық маңызы бар автожолдың 19-27 шақырымы 4 жолақтан 8 жолаққа кеңейтіледі.  

Алматыдан Бішкекке апаратын автожол 8 жолаққа дейін кеңейтіледі Фото: economist.kg

Бұл кептелісті азайту және жолдың өткізу қабілетін арттыру мақсатында қабылданған шешім, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "ҚазАвтоЖол" компаниясына сілтеме жасап.

Компания мәліметінше, қазір жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба аясында орталық бөлу жолағын, заманауи жарықтандыру жүйесін, автобус аялдамаларын және жаяу жүргіншілерге арналған жер үсті өткелін салу қарастырылған.

Бұдан бөлек, қозғалыс қауіпсіздігін арттырып, көлік байланысын жақсарту үшін "таға" пішініндегі екі жолайрық салу жоспарланып отыр.

"Жобалау – күрделі әрі көп кезеңнен тұратын процесс. Қазір геологиялық, экологиялық және геодезиялық зерттеулер аяқталуға жақын. Жобалау жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған", – делінген хабарламада.

Жобалау нәтижесінде дайындалған құжаттама мемлекеттік сараптамаға жолданады. Құрылыс жұмыстары сараптамадан оң қорытынды алынып, қаржыландыру бөлінгеннен кейін басталады.

Аталған жоба Алматы қаласы мен шекара маңы бағытындағы жол инфрақұрылымын жаңғыртудың маңызды қадамы болмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу