Алматы-Бішкек экономикалық дәлізінің дамуына 1 млн 750 мың АҚШ доллары бөлінетін болды. Аталған қаражатты Азия даму банкі қайтарымсыз, техникалық грант ретінде беруді қарастырып отыр. Бұл туралы қазақ-қырғыз өкілдері мен Азия даму банкі мамандарының қатысуымен өткен жиын барысында мәлім болды, деп хабарлайды Atameken TV.
Инвестиция 3 бағыттағы жобаларға беріледі. Ең алдымен, Алматы мен Бішкек арасындағы жол қысқарып, кедендік кедергілер азаяды. Екіншіден, Алматы мен Ыстықкөлді бірыңғай туристік кластерге айналдыру көзделген. Үшіншіден, екі ел арасындағы сауда және ауылшаруашылық саласын дамыту үшін көтерме-сауда орталықтарын салу жоспарланып отыр. Орталықтар заманауи керек-жарақтың бәрімен қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, сапалы қойма, тоңазытқыштар мен өңдеуші цехтар орнатылып, банк пен тасымалдау қызметтері көрсетіледі.
"Сарапшылар Қазақстан жағында 3, Қырғызстанда 3 көтерме сауда кешінін салуды ұсынып отыр. Жобаның мақұлдау үрдістері 2 жылдай уақыт кетуі мүмкін. Әзірге оған қанша инвестиция құйылатыны, қаншасы жеке бизнес тартылатыны, мемлекеттің кепілдемесе керек пе, жоқ па белгісіз. Бәрі техникалық комитеттің шешімінен кейін белгілі болады", - дейді ҚР ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Руслан Дәленов.