Алматы блок-бекеттерінде 81 санитарлық дәрігер жұмыс істеуде

1368

Қалаға кірген және қаладан шыққан адамдардың дене қызуы өлшеніп, арнайы тексерістер жүргізіліп жатыр.   

Алматы блок-бекеттерінде 81 санитарлық дәрігер жұмыс істеуде

22 наурыздан бастап Алматыдағы блок-бекеттердің жұмысы қатаңдатылған тәртіпке ауыстырылды. Яғни, енді Алматыдан ешкім шыға алмайды, сәйкесінше қалаға да ешкім кірмейді. Қазіргі кезде 27 блок-бекеттің 21-інде 81 санитарлық дәрігер жұмыс істеуде.

"Барлық блок-бекет тепловизорлармен, жеке қорғаныс құралдарымен жабдықталған, ыстық тамақ та ұйымдастырылған", – деді Алматы қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Әсел Қалықова.

Блок-бекеттер күні-түні үзіліссіз жұмыс істеуде. Қалаға кірген және қаладан шыққан адамдардың дене қызуы өлшеніп, арнайы тексерістер жүргізіліп жатыр. 

Мәселен, 22 наурыз түнде қалаға кірген 23 мың 475 адам, қаладан шыққан 13 мың 893 адам, сонымен қатар, 11 мың 529 автокөлік жүргізушісі термометриядан өткізілген. Нәтижесінде дене қызуы көтерілген 2 адам тіркелді. Оның біреуі Алматы облысының тұрғыны, Алатау ауданының №3 блок-бекетінде анықталды. Дереу жедел жәрдем дәрігерлері шақырылып, тексеріліп, нәтижесінде оған катаральді ангина диагнозы қойылды. Жүргізуші қалаға кіргізілген жоқ, тұрғылықты жері бойынша Іле ауданының емханасына жіберілді.

Ал екінші адам Алатау ауданының тұрғыны. Ол Жетісу ауданындағы №8 блок-бекетте тоқтатылды. Медициналық жедел жәрдем бригадасының шақыруы бойынша ол азамат та жан-жақты тексеріліп, ауруханаға жатқызылды. Блок-бекеттерге дезинфекциялық жұмыстар тұрақты жүргізілуде.

Құралай Құдайберген

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу