Алматының бюджеті 3,6 миллиард теңгеге азайып, 2 триллион 508,4 миллиард теңгеге тұрақтады. Қалалық мәслихаттың кезектен тыс 35-сессиясында депутаттар осындай тоқтамға келді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Дегенмен әлеуметтік салаға қосымша 66,1 миллиард теңге бөлінсе, білім беру бағытындағы жобаларды жүзеге асыруға 41,2 миллиард теңге жұмсалмақ. Жауаптылардың айтуынша, қаржының басым бөлігі қауіпсіздікті нығайтуға бағытталады. Жиында спорт және денсаулық саласында да оң өзгерістердің бары жеткізілді.
"Сонымен қатар, қауіпсіздік мәселелеріне де көңіл бөліп отырмыз. Соның ішінде мынау ТЖД тез соғылатын 4 кешен салу қарастырылып жатыр. Астана қаласында Президенттің қатысумен ашылды. Ал Алматыда 4 кешеннің құрылысы 3 айға дейін уақыт алады", – деді қалалық мәслихаттың төрағасы Мейіржан Отыншиев.
Қала бюджетінің қадағаланып, жоспарға енгізілген жобалардың құрылысын созбай, келер жылдың наурыз айынан бастау қажет екені де айтылды.
"Биыл Алматы қаласының бюджеті 2,5 триллион теңге – еліміздегі ең үлкен бюджеттердің бірі. Сондықтан да Алматы қаласының 42 депутатына бұл қаржыны қадағалаудың үлкен жауапкершілігі жүктелген", – деді қалалық мәслихат депутаты Дулат Тастекей.