Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданы тұрғындарымен кездесуінде айтты.
"Өткен жылы Алматы бюджетіне түсетін салық түсімдерінің көлемі 1,2 трлн теңгеге жуықтап 42,7%-ға өсті. Алатау ауданы бойынша түсімдер – 73,5 млрд теңгені құрады. Өткен жылы экономиканың тұрақты өсу көрсеткіштеріне қарамастан, 2023 жылы бізді жаңа сын-қатерлер күтуде.
Бұдан бұрын Сіздер көтерген көптеген мәселелер аудандық деңгейде болды, бірақ аудандық деңгейде қаржыландыру мен өкілеттіктердің болмауына байланысты аудандық әкімдіктер қала әкімдігінің басқармаларына жүгінуге мәжбүр. Бұл шешімдер қабылдаудың және жобаларды іске асырудың жеделдігі мен сапасына әсер етті.
Осы мәселелерді шешуді түбегейлі жасқарту үшін өткен жылы Алматы қаласының әкімдігі жолдарды ағымдағы жөндеу, инженерлік желілер, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, әлеуметтік қызметтер, шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын қаржыландыру секілді жекелеген функцияларды аудандық әкімдіктерге беру туралы ұсыныс жасады. Бұл ұсыныстарды Мемлекет басшысы қолдады", – деді Ерболат Досаев.
2022 жылдың 30 желтоқсанында ел Президенті 15 функцияны республикалық маңызы бар қалалар мен астанадағы аудандық әкімдіктер деңгейіне беру бойынша Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне енгізілген түзетулерге қол қойды.
Биылғы жылы қалалық бюджетті бірінші нақтылау кезінде Алматы қаласында шамамен 100 млрд теңге сомасындағы шығыстар аудандық деңгейге, оның ішінде 17,3 млрд теңге – Алатау ауданына берілетін болады.
"Жүргізіліп жатқан децентрализация аудан әкімдіктерінің жеткілікті қаржылай ресурстар алуына мүмкіндік береді және аудан әкімдерінің халық алдындағы жауапкершілігін айтарлықтай арттырады", – деді әкім.