Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті 2018 жылғы 1 маусымдағы мәліметке сүйеніп, салық төлеушілердің биылғы қарызы 38,5 млрд теңгені құрап отырғанын жариялады, деп хабарлады abctv.kz тілшісі Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің жетекшісі Асқар Тынысбековтың сөзін негізге алып.
Көрсетілген соманың 85,2%-ы, яғни 32,8 млрд теңгесі заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің борышы, қалған 5,7 млрд теңге жеке тұлғалардың қарызы екен.
Асқар Тынысбековтың сөзінше, соңғы 5 жылда Алматы бюджетінің кірісі жыл сайын 110%-ға көбейіп жатыр.
"Еліміздегі кедендік рәсімдеудің 48%-ы Алматы қаласына тиесілі. Адамдар салықты мәжбүрлі емес, ерікті түрде төлегенді қалайды. Жаңа салық кодексі осыған мүмкіндік беріп тұр, ал біз осы құжатты бағдар тұтамыз", – деді ол.
Департамент жетекшісінің айтуынша, алматылықтар жаңа салық кодексінің жеңілдіктерін пайдаланып жатыр.
"Соңғы 5 айда Алматыда 26 салық төлеуші 1,3 млрд теңге қарызды бөліп төлеу құқығына ие болды. Олар борыштарын 3 жыл ішінде кезең-кезеңімен өтемекші. Былтыр 69 салық төлеуші 2,4 млрд теңге салықтың өтеу мерзімін ұзартуға рұқсат алды. Бұл жаңа салық кодексінің 51 бабы негізінде мүмкін болды. 2017 жылы азаматтарға 4 млн-ға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның 91,2%-ы электронды түрде атқарылды. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 94,1%-ға жетті. Мемлекеттік қызмет алуға жүгінетіндердің 99,5%-ы салық төлеуге қатысты сұрақтарды электронды түрде шешеді", – деді Асқар Тынысбеков.
Оның мәлімдеуінше, 2017 жылдан бері салық төлеушілерді тексеру саны қысқарған.
"2016 жылы - 15 175, ал 2017 жылы - 8 451 тексеріс ұйымдастырылды. Бұл өте жақсы көрсеткіш", – деп қорытты ойын Асқар Тынысбеков.