Алматы дәрігерлері балаларда жиі кездесетін ауруларды атады

798

Бүлдіршіндер арасында кең таралған денсаулық мәселелеріне нефрологиялық және стоматологиялық аурулар жатады.  

Алматы дәрігерлері балаларда жиі кездесетін ауруларды атады

Олардың себептері мен алдын алу жолдары туралы Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің медицина және денсаулық сақтау факультеті Жоғары медицина мектебінің клиникалық мамандықтар кафедрасының профессоры Клара Шалабаева және қаланың штаттан тыс бас балалар нефрологы, №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының нефрология бөлімінің меңгерушісі Сәуле Алпысбаева айтып берді, деп жазды inbusiness.kz

Клара Шалабаеваның айтуынша, балаларда тіс аурулары жиі кездеседі.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының критерийлері бойынша біздің республикада әртүрлі жас топтарындағы балаларда кариестің таралуы орташа есеппен 70-85%-ды құрайды, ал қарқындылығы бойынша біздің балаларда кариестің декомпенсацияланған түрі жиі кездеседі", – деді Клара Шалабаева.

Балалардың стоматологиялық ауруларға жиі шалдығуының себебі – жүктіліктің патологиялық ағымы, әйелдің денсаулығы, жүктілік кезіндегі дұрыс емес тамақтану, өмірдің бірінші жылындағы баланың жиі ауруы, кіші және мектеп жасында көмірсуларды көп тұтыну, ауыз қуыс гигиенасының сақталмауы.

Сондай-ақ спикер тіс ауруларының алғашқы профилактикасы бағдарламасының жоқтығы, мектеп жасындағы балаларға жоспарлы түрде ауыз қуысын сауықтыру, жалпы білім беретін мектептердегі стационарлық стоматологиялық кабинеттердің жабылуы сияқты маңызды әлеуметтік факторлар тіс денсаулығының нашарлауына әкеліп соқтыратынын атап өтті.  

Республикадағы стоматологиялық мекемелердің 80%-дан астамының жеке меншікке өтуі стоматологиялық көмекті балалар мен жасөспірімдерге қолжетімсіз етті.  

Стоматологиялық қызметтердің (пломбалардың) жоғары бағасы ата-анасының материалдық жағдайы төмен ауылды жерлерде тұратын көпбалалы отбасы балаларының бұл қызметке қол жетімділігінен айырды.

"Ауыз қуысының жағдайы жалпы денсаулықтың көрсеткіші болып табылады.  Ал тіс ауруын азайтпай, дені сау бала өсіру мүмкін емес", – деді Клара Шалабаева.

№2 қалалық клиникалық балалар ауруханасының нефрология бөлімшесінің меңгерушісі Сәуле Алпысбаева бүгінде балалар арасында нефрологиялық аурулардың жиі кездесетінін атап өтті. Оның айтуынша, қыздар мен ұлдардағы аурудың 80-85%-ы – зәр шығару жолдарының инфекциясы.

Спикер барлық ата-аналарға балаларда себепсіз температура пайда болған кезде – ауырсынумен, ісінумен жиі зәр шығару немесе бала аз зәр шығара бастаған жағдайда міндетті түрде жалпы зәр анализін өткізіп, учаскелік дәрігерге немесе нефрологқа жүгінуді ұсынды.

"Бұл аурулардың көбін өздігінен жоюға болатынын атап өткім келеді. Алдын алудың бірнеше жолы бар. Балаларға суды көп ішу, қыздарды дұрыс жуындыру, іш қатудың алдын алу", – дейді Сәуле Алпысбаева.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу