Алматы дәрігерлері салмағы 2 келі болатын ісікті жаңа туған нәрестеден алып тастады

350

Дәрігерлердің айтуынша, қазір нәресте үйіне шығуға дайындалып жатыр.  

Алматы дәрігерлері салмағы 2 келі болатын ісікті жаңа туған нәрестеден алып тастады Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Telegram

Алматыда дәрігерлер салмағы екі келі болатын тератомасы бар жаңа туған қызға күрделі ота жасап, ісікті алып тастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Нәресте 18 тамызда салмағы төрт келіден асатын күйде, сегізкөз-құйымшақ аймағындағы үлкен түзіліспен дүниеге келген. Тератома жүктіліктің 20-аптасында скрининг кезінде анықталған. Жүктіліктің 34-аптасында анасына кесарь тілігі жасалып, сәби кейін Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілді.

Нәресте туғаннан бірнеше сағат өткен соң жаңа туғандар реанимациясына жатқызылып, операцияға дайындалған. Келесі күні хирургтер екі сағаттан астам уақытқа созылған ота барысында ісікті алып тастады. Оның салмағы шамамен екі келі болған, яғни нәресте салмағының жартысына жуық бөлігін құраған.

"Сегізкөз-құйымшақ аймағында орналасқан тератоманың құрамында сүйек, жұмсақ тіндер және кистозды қуыс секілді түрлі тін бар. Бұл тәжірибеміздегі ең күрделі отаның бірі болды. Ісіктің салмағы екі келі болды, яғни нәрестенің өз салмағымен бірдей деуге болады. Қыздың туған кездегі салмағы төрт келі еді, демек, оның тең жартысын ісік құраған.

Ота сәтті өтті. Ісікті алып тастағаннан кейін бірден пластика жасадық. Тігіс орны білінбейтіндей етіп қалпына келтірілді. Болашақта бұл нәрестеге ешқандай қолайсыздық тудырмайды. Қазір баланың жағдайы жақсы, ол үйіне шыққалы жатыр", – деді Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы бөлімшесінің меңгерушісі Саматбек Мырзахмет.

Сегізкөз-құйымшақ тератомасы ана құрсағында қалыптасып, нәрестемен бірге өсуі мүмкін. Кей жағдайда ол ауыр асқынуларға әкеліп, өмірлік маңызды ағзалардың жұмысына әсер етеді. Сондықтан мұндай түзілістер анықталған жағдайда медициналық бақылау мен уақытылы ем маңызды.

"Бұл төрт ұлдан кейін көптен күткен қызымыз. Жүктіліктің 20-аптасында дәрігерлер сегізкөз-құйымшақ тератомасын анықтады. Сол бойда Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына кеңес алуға келдік. Жалпы, жүктілігім жақсы өтті.

34-аптада ішім ауырып, перзентханаға бардым. Дәрігерлер бірден кесарь тілігін жасап, балам екеумізді осында жеткізді. Қызымды аман алып қалған осы аурухананың дәрігерлеріне алғысым шексіз. Бала туғаннан кейін оны да, денесіндегі алып ісікті де көрдім. Қызымның еміне атсалысқан барша жанға рақмет", – дейді Алаудың анасы Аяжан.

Жыл басынан бері Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының жаңа туған нәрестелер бөліміне 96 бала жеткізілген. Оның 72-сіне хирургиялық ем жүргізілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу