Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-сұхбат барысында №18 қалалық емханасының бас дәрігері Майя Большанова медициналық мекеменің коронавирус инфекциясының болуы мүмкін жаңа толқынына дайындығы туралы айтты.
"Пандемия кезіндегі негізгі міндет медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету және алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметкерлерінің қауіпсіздігі болып табылады", — деді М. Большанова.
Емхана жанынан құрамында дәрігер, медбике, психолог немесе әлеуметтік қызметкер бар 6 мобильді бригада құрылған. Сондай-ақ, пандемия кезінде қажетті дәрі-дәрмектер қоры дайындалды.
Сонымен бірге, аурудың белгілері бойынша стандартты сұрақтармен жадынамалар әзірленді.
Халық арасында әлеуметтік желілер, БАҚ, медициналық ұйымның сайтында бейнероликтер арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
"Тұрғындардан бетперде режимін, әлеуметтік қашықтықты, алдын алу шараларын, вакциналық профилактиканы сақтауды сұрағым келеді. Қазір емханаларда тұмауға қарсы тегін вакцина жүргізілуде, бұл егде жастағы пациенттер, балалар, жүкті әйелдер үшін тұмау вирусынан сақтану шараларының бірі", — деп атап өтті М. Большанова
Ауру белгілері анықталған жағдайда медициналық мекемелерге жүгіну қажет екенін айтты.