Алматы қаласы Еуропаның туристік нарығында насихатталатын жаңа ақпараттық алаңға ие болды. LOT Polish Airlines әуе компаниясы шаһарға арналған арнайы борттық журнал шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Басылымда Алматының туристік әлеуеті, көрікті орындары, табиғи аймақтары және қаланың бірегей келбеті кеңінен таныстырылған. Журнал әуе компаниясының жолаушыларына Қазақстанның ең ірі мегаполисінің мәдениеті мен туристік мүмкіндіктері туралы ақпарат береді.
Айта кетейік, 2026 жылғы 31 мамырда LOT Polish Airlines Алматы мен Варшава арасында жаңа тікелей әуе рейсін іске қосты. Қазіргі уақытта рейстер аптасына төрт рет орындалады.
Жаңа әуе бағыты мен арнайы журналдың шығуы Алматының халықаралық туристік бағыт ретіндегі танымалдығын арттыруға және шетелдік туристер ағынын көбейтуге ықпал етеді.