Алматы хайуанаттар бағында 20 жылда алғаш рет шайқағыш жанаттар төлдеді

283

Арчи мен Белла үш күшік әкеліп, мамандарды қуантты.  

Алматы хайуанаттар бағында 20 жылда алғаш рет шайқағыш жанаттар төлдеді Фото: Almaty_akimdigi telegram

Алматы хайуанаттар бағында көптен күткен қуанышты жаңалық тіркелді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Арчи мен Белла есімді шайқағыш жанаттар үш күшік әкелді. Бұл соңғы жиырма жылға жуық уақыт ішінде мекемеде дүниеге келген алғашқы жанат төлдері.

Күшіктер 27 сәуір күні туған. Алғашқы айларда олар анасымен бірге ұяда болып, сыртқа шықпаған. Анасы Белла төлдеріне ерекше қамқорлық көрсетіп, бөтен жануарлар мен келушілерден қорғап келген. Қазіргі уақытта күшіктер өсіп, өздігінен қозғала бастады, сондықтан кеңірек қоршауға шығарылып, айналаны зерттеуге кіріскен.

Мамандардың айтуынша, әзірге күшіктердің жынысы анықталмағандықтан, оларға ат қою жұмысы кейінге қалдырылған.

"Шайқағыш жанаттардың жаңа туған күшіктерінің салмағы небәрі 60–70 грамм болады. Олар соқыр әрі саңырау күйде дүниеге келіп, алғашқы апталарда толықтай анасына тәуелді болады. Бұл кезеңде тек ана сүтімен қоректенеді. Қазір күшіктер біртіндеп ересек жануарлардың азығына үйреніп келеді. Рационында ет, балық, көкөніс, жеміс-жидек және сүйікті сұлы ботқасы бар", – деді "Жыртқыш сүтқоректілер" бөлімінің жетекшісі Гаухар Сергибаева.

Жануарлар отбасы хайуанаттар бағы аумағындағы керіктер экспозициясына қарама-қарсы орналасқан "Леопард" аймағының ең шеткі қоршауында мекендейді.

Алматы хайуанаттар бағы келушілерді жаңа туған жанат күшіктерін тамашалауға шақыра отырып, жануарлардың тыныштығын сақтау олардың дұрыс өсіп-жетілуі үшін маңызды екенін еске салды. Мамандар күшіктердің аман-есен өсіп-жетілетініне сенім білдіріп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу