Алматы хайуанаттар бағында келушілердің бірі арыстанға тас лақтырған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мекеме әкімшілігі мұндай әрекеттердің келушілер үшін белгіленген тәртіп ережелерін өрескел бұзатынын атап өтті.
– Жануарларға қандай да бір зат лақтыруға, қоршауларды қағуға, оларды әдейі мазалауға немесе үркітуге қатаң тыйым салынады. Мұндай әрекеттер жануарларға күйзеліс тудырып, денсаулығына кесірін тигізуі мүмкін, – делінген хабарламада.
Оқиғадан кейін зообақ қызметкерлері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды жинап, тиісті материалдарды құқық қорғау органдарына тапсырды. Қазір заңнамаға сәйкес шара қолдану мәселесі қарастырылып жатыр.
Зообақ өкілдері азаматтарды жануарларға ұқыпты қарап, белгіленген қауіпсіздік және тәртіп талаптарын сақтауға шақырды.