Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі, елдің бостандығы, бірлігі және өркендеуінің символы болып табылатын басты ұлттық мереке – Тәуелсіздік күніне орай Алматы қаласының Туризм басқармасы ҰҚК Шекара қызметінің Шекаралық бақылау басқармасы және Алматы халықаралық әуежайымен бірлесіп "Сыйлыққа тәтті кәдесый" атты ерекше акция ұйымдастырады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Паспорттық бақылаудан өту кезінде жолаушыларға дәстүрлі қазақстандық шоколад пен печенье түрінде тәтті сыйлықтар табысталады. Бұл акция 50-ден астам халықаралық рейспен келген 5 мыңнан астам жолаушыны қамтып, Алматыға келген алғашқы минуттардан-ақ жылы шырай мен достық атмосферасын сыйламақ.
Бұл бастама туристік сервистің сапасын арттыруға бағытталған "Visitor Experience" жаһандық бағдарламасының бір бөлігі болып табылады.
Алматы әлемнің түкпір-түкпірінен келетін саяхатшылар үшін заманауи, қонақжай және мәдениетке бай бағыт ретінде қаланың оң имиджін қалыптастыруда. Mastercard деректері бойынша, қызмет көрсету деңгейінің жоғары болуы мен қаладан алған ерекше әсерлер қонақтардың қайта оралуына ықпал етеді — 2024 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында қайталама сапарлар үлесі 25%-ды құрады.
Шекаралық қызмет пен кедендік бақылау қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыруға ерекше назар аударылуда. Қонақжайлылық бойынша жыл сайынғы фасилитациялық сессиялар оларға халықаралық қонақтармен қарым-қатынас жасау дағдыларын жетілдіруге көмектеседі, бұл жоғары стандарттағы қызмет көрсетуді қамтамасыз етіп, саяхатшыларға қамқорлық пен құрмет сезімін сыйлайды.
Статистика Алматының өңірдегі жетекші туристік орталықтардың бірі ретінде табысты екенін көрсетеді: 2024 жылдың 9 айында жалпы туристік ағын 14,2%-ға артып, 1 729 601 адамды құрады. Шетелдік туристер саны 24%-ға өсіп, 507 567 адамға жетті, бұл Қазақстандағы жалпы туристік ағынның жартысынан астамын құрайды.