Бірнеше кезеңдік конкурс пен ашық трансляциямен өткен сұхбаттасулар нәтижесінде кеңес құрамына 42 адам енді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мәслихат жергілікті өкілетті орган ретінде бұл процесті заңнамаға сәйкес барынша ашық, жария түрде және қоғаммен диалог форматында ұйымдастырды.
Алматы қаласы Мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев мәлімдеуінше, олардың арасында азаматтық қоғам, коммерциялық емес сектор және сарапшылық қауымдастықтың 39 өкілі, мемлекеттік органдардың 3 өкілі бар.
"Барлығы 165 өтінім келіп түсті – бұл қаламыздағы азаматтық белсенділіктің жоғары деңгейін көрсетеді. Құжаттарды тексеру барысында 7 үміткер конкурсқа жіберілмеді, 5-і келесі кезеңнен бас тартты. Қалғандары жұмыс тобының мүшелерімен жеке сұхбаттан өтті", - деп жазды Мейіржан Отыншиев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Жұмыс тобына қолданыстағы Кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары және ҮЕҰ өкілдері кірді.
Оның құрамы да ашық дауыс беру арқылы бекітілді.