Терроризмге қарсы күрес жөніндегі қалалық жедел штаб 26 қаңтарда сағат 00.00-ден 27 қаңтар сағат 00.00-ге дейін Алматы қаласы Түрксіб ауданы аумағында антитеррорлық іс-шара режимі енгізілгенін мәлім етті, деп жазды inbusiness.kz.
"Терроризмге қарсы іс-шаралар барысында биылғы жылдың 4-6 қаңтары аралығында Алматы қаласындағы мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық нысандарға қарақшылық шабуыл жасаған ұйымдасқан қылмыстық топтың бес жетекшісі мен мүшелері ұсталды. Тұтқындау кезінде күдіктілерден қару-жарақ ("ПМ", "ТТ" маркалы тапаншалар, кесілген шолақ мылтық, оларға арналған патрондар), ұнтақ тәрізді зат және ерекше иісі бар таблеткалар тәркіленді", – деп хабарлады Терроризмге қарсы күрес жөніндегі Алматы қалалық жедел штаб.
Арнайы және құқық қорғау органдары жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушылар мен ұйымдастырушыларды анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жалғастыруда.
"Құқық қорғау органдарының жұмысына түсіністікпен қарауларыңызды, олардың заңды талаптарын қатаң сақтауларыңызды сұраймыз", – деп жазылған штаб таратқан хабарламада.
Құралай Құдайберген