Алматы қаласында әрекетке қабілетсіз адам құқықтарының бұзылғандығы анықталды

429

Талдауды Медеу ауданының прокуратурасы жүргізді. 

Алматы қаласында әрекетке қабілетсіз адам құқықтарының бұзылғандығы анықталды Фото: freepik

Медеу ауданы прокуратурасының жүргізген талдау нәтижесі бойынша, Алматы қаласында әрекетке қабілетсіз адамдардың құқықтарының жүйелі түрде бұзылғандығы анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Алматы қаласы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"”Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” Қазақстан Республикасы Кодексінің 121-бабына сәйкес, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамға қорғаншылықты немесе қамқоршылықты немесе мүлікке қорғаншылықты белгiлеу қажеттiгi туралы тиiстi органдарға белгiлi болған кезден бастап 20 жұмыс күні iшiнде қорғаншылық немесе қамқоршылық белгiленедi", -делінген хабарламада.

Сондай-ақ, психикасының бұзылуынан, басқа да аурулардан зардап шегетін 423 адам айқындалды. Оларға ұзақ уақыт және тіпті жылдар бойы қамқоршы тағайындалмаған.

"Мысалы, М. азаматын 2001 жылы сот әрекетке қабілетсіз деп таныған. Оның заңды өкілі тек 2022 жылы, яғни 20 жылдан астам уақыттан кейін ғана белгіленген. Осыған ұқсас азамат О. қамқоршысы 18 жыл өткеннен кейін, И. азаматына 10 жылдан кейін, А. азаматына 9 жылдан кейін тағайындалған", - деп түсіндірді прокуратура қызметкерлері.

Сондай-ақ, тек талдау кезінде ғана заңды өкілдері болмаған 110 адам анықталды.

Көрсетілгендер олардың туыстарының өз іс-әрекеттеріне есеп бере алмайтын және өз құқықтарын өз бетінше қорғай алмайтын адамдардың денсаулығы мен мүлкіне толыққанды қамқорлық жасай алмайтын заңды іс-әрекеттер жасай алмауына әкеліп соқтырды.

Мұндай жағдай соттардың шешiмдердi орындауға уақтылы жiбермеуiнен және қорғаншы мен қамқоршы органның тарапынан бақылаудың болмауынан туындады.

Бұдан бөлек, прокурорлар уәкілетті орган 47 әрекетке қабілетсіз адамның мүлкіне тыйым салмағанын анықтады.

Медеу ауданы прокуратурасының ұсынысына сәйкес, қорғаншы және қамқоршы органдардың 7 лауазымды тұлғасы жіберген бұзушылығы үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылып, бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылданды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу