Қатты аяз бен суықтың салдарынан Алматы әуежайының ұшу алаңында қиындықтар туындап, рейстер кешігіп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Аязға байланысты Дели, Астана, Ташкент және Ақтау қалаларына ұшатын ұшақтардың рейстері кешіккен. Сонымен қатар, ішкі рейстерге байланысты да кедергілер туындап, "Алматы-Тараз" бағытының ұшу уақыты кешіктірілген.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл кедергілерді жою үшін техникалық мамандар жұмылдырылды.
"Халықаралық Алматы әуежайы ауа температурасына байланысты жерде қызмет көрсету жабдықтарында уақытша техникалық ақаулар туындап, бұл аэродромда уақтылы қызмет көрсетуге әсер етуі мүмкін екенін хабарлайды. Біздің техникалық команда бұл мәселені мүмкіндігінше тезірек шешуге тырысып жатыр", - делінген Алматы әуежайының баспасөз хабарламасында.
Сондай-ақ, компания рейске техникалық қызмет көрсетуге қатысты кідірістерді азайту үшін әуе компанияларымен тығыз жұмыс жасап жатқанын мәлімдеді.
"Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, біз тәулік бойы қызмет көрсетуді жалғастырамыз. Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз", - делінген хабарламада.