"Бұл Қазақстан үшін үлкен мереке, өйткені бұрын-соңды мұндай ауқымды жарыс өткізбеген едік. 2019 жылы Астанада командалық жарыс өткізгенбіз, алайда, ол кезде 100 адам қатысқан болатын", деді Қазақстан шахмат федерациясы" республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.
Оның айтуынша биылғы сайыстың сыйлық қоры 1 млн доллар. Ал, спортшылар биыл жарысқа тиянақты дайындалып жатыр. Ол үшін мемлекет тарапынан қажетті қолдау жасалған.
"Дайындық өте жақсы, биыл спортшыларға "Самұрық-Қазына" спорт қорынан қаржы бөлінді. Сонымен қатар, Мәдениет және спорт министрлігінен қаржы бөлініп, спортшылар қазір Араб әмірлігінде дайындық өтіп жатыр, олар 24-желтоқсан Қазақстанға келеді",-деді Гүлмира Дәулетова.
Ұйымдастырушылардың дерегінше, жарысқа қазіргі әлемдік жетекші шахматшылары қатысады деп күтіліп отыр. Сондықтан сайыс қызу өтеді деп күтілуде.
"Алматы қаласы, қазір 300 ге тарта спортшыны қабылдауға дайын, ол үшін барлық жағдай жасалған", дейді Алматы қаласы Спорт басқармасының басшысы Ерден Хайруллин.
"Қазақстан шахмат федерациясы" республикалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Дәрмен Сәдуақасовтың айтуынша, соңғы кезде жасөспірімдер арасында қазақстандық шахматшылардың нәтижесін ерекше атап өту керек. Балалар-жасөспірімдер арасындағы Қазақстан шахматшылары үздік құрама деп айтуға негіз бар. Оның айтуынша, биылғы сайысқа жазда даулы ақпараттармен елді елең еткізген Бибісара Асаубаева да қатысады. Оның өз жанкүйерлерін таңқалдыруға тағы бір мүмкіндігі бар.
"Қазақстан шахмат федерациясы" республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова, чемпионатты ұйымдастырушы ел ретінде Қазақстанның 15 ер, 10 әйел ойыншы жарысқа қатыстыра алатынын айтты. Сондықтан биыл елімізде бұл сайысқа 25 ойыншы қатысатын болады. Сонымен қатар, құрама қатарында 14 жасқа дейін әлем чемпионы болған Меруерт Камалиденова, Әмина Қайырбекова, сонымен қатар Әсел Серікбай, Назерке Нұрғали есімді жас спортшылар қатысады.