М.Тынышпаев атындағы ALT Университетінің базасында орналасқан орталық 50 орынға есептелінген.
Жаңа орталықтың миссиясы – қиын өмірлік жағдайға тап болған студенттерге жедел әрі қауіпсіз уақытша баспана, әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу және құқықтық-кеңестік қолдау ұсыну екені атап өтілді. Орталықта тұрмыстық жағдайы реттелген бөлмелер, тынығу және оқу аймақтары, медициналық кабинеттер қарастырылған.
ALT Университеті базасында соңғы үш жыл бойы іске асқан дағдарыстық қолдау орталығы бүгінде қызмет ауқымын кеңейтті. Жаңа құрылымның жұмысы қалалық әлеуметтік қызметтермен, жоғары оқу орындарының деканаттарымен және жастар ресурстық орталықтарымен өзара ықпалдастыққа негізделді. Бұл өз кезегінде көмекке жүгінудің жолын қысқартып, студенттердің қауіпсіз ортаға тезірек қол жеткізуіне ықпал етті.
Көмек көрсету барысында құпиялық пен этикалық нормалар сақталып, әр өтініш берушіге жеке жағдайына сай шешім ұсынылады. Сондай-ақ жастардың құқықтық сауатын арттыруға арналған түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қаладағы жоғары оқу орындары үшін ортақ байланыс тетіктері айқындалған.