Қоқыс жинау барысын жеңілдету үшін жәшіктердің ішінде 120 литрлік полиэтилен пакеттер қарастырылған, деп жазады inbusiness.kz сайты қалалық әкімдікке сілтеме жасап.
"Таза Қазақстан" бағдарламасы және "Алматы – біздің ортақ үйіміз" акциясы аясында қалада жаңа вандализмге төзімді қоқыс жәшіктерін орнату басталды.
Бекітілген жоспарға сәйкес, 2025 жылы Алматыда 12 036 жаңа қоқыс жәшігі орнатылады. Олардың көлемі 80 және 120 литр.
Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, бұл жәшіктер аудан әкімдіктерінің өтінімі негізінде орнатылып, қаланың тазалығын жақсартуға арналған. Қоқыс жинау барысын жеңілдету үшін жәшіктердің ішінде 120 литрлік полиэтилен пакеттер қарастырылған.
Алматы әкімдігі жүргізген талдау көрсеткендей, қала көшелерінде 40-60 литрлік қолданыстағы қоқыс жәшіктері тез толып, қоқыс мәселесін ушықтырып отыр.
Осыған байланысты, ескірген жәшіктерді ауыстыру туралы шешім қабылданды:
- 80 литрлік гиперболоидті қоқыс жәшіктері саябақтар мен скверлерге орнатылады.
- 80 литрлік төртбұрышты және цилиндрлік жәшіктер қаланың негізгі көшелері мен магистральдарға қойылады.
- 120 литрлік төртбұрышты жәшіктер халық көп жиналатын орындарға – аялдамаларға, метро бекеттерге, жерүсті және жерасты өткелдеріне орнатылады.
Былтыр қолданыстағы жәшіктердің тез толуына байланысты қоқыс шығару маршруттарын көбейтуге мәжбүр болды.
Еске сала кетейік, Алматы әкімдігі "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясында "Алматы – біздің ортақ үйіміз" экологиялық науқанының басталғанын хабарлады. Ол 2025 жылғы 1 наурыз – 1 сәуір аралығында өтеді. Науқанның мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениеті мен жауапкершілігін арттыру.