Алматыда құрылыс материалдары және лак-бояу өнімдері тұрған қойма өртенді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 14 қаңтар күні сағат 20:25-те өрт сөндіру бөлімшелері Алмалы ауданы, Әуезов көшесі, 2/8 а мекенжайына шақыртуға шықты.
Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген сәтте құрылыс материалдары және лак-бояу өнімдері бар қойманың 500-ден астам шаршы метр аумағы жанып жатқаны анықталған болатын.
"Өрттің көршілес орналасқан қоймаларға таралу қаупі туындады. Өртті сөндіру жұмыстарын қоймадағы тез жанғыш заттар (битум, лак-бояу) қиындатты. Дереу жедел штаб пен үш өрт сөндіру учаскесі құрылып, негізгі басым міндеттер айқындалды. Оны сөндіру барысында қызып тұрған темір қоймадан қауіпсіз жерге 3 оттегі және 4 газ баллоны шығарылды",- деп түсіндірді Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері.
Ресми мәліметке сәйкес, өрт түнгі 22:34-те оқшауланып, 22:50-де толық сөндірілді.
Оған 21 бірлік техника мен 100-ден астам адам жұмылдырылды.
Қазіргі таңда, өрттің нақты шығу себебі анықталып жатыр.
Оқиға салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.