Алматы қаласының "Қайрат" шағын ауданына газ беру тоқтатылды

551

Апат салдарынан шағын аудандағы бірқатар үй көгілдір отынсыз қалды.  

Алматы қаласының "Қайрат" шағын ауданына газ беру тоқтатылды Фото: Almaty.tv

Алматы қаласы Түрксіб ауданының "Қайрат" шағын ауданына газ беру тоқтатылды. Шаһар әкімдігі тұрғын үйлердің газдан ажыратылуына байланысты ақпарат таратты, деп жазады inbusiness.kz қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Баймақ" ЖШС жеке газ желілерінің зақымдануы бойынша жөндеу мәселесі жедел шешілуде. Ақпаратқа сәйкес, кеше сағат 13:30-да жүк көлігінің жүргізушісі орташа қысымды газ магистраліне соғылып, апат салдарынан шағын ауданның бірқатар үйлеріне газ беру тоқтатылды.

"Апатты қалпына келтіру жұмыстары 3 сағаттан астам уақытқа созылды, одан соң желілерді іске қосу-жөндеу жұмыстары басталды. Бірақ жөндеу бригадалары газбен тұрақты жабдықтауды толық көлемде қамтамасыз ете алмады. Аудан әкімдігі мен "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ қызметкерлері шағын аудан тұрғындарымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді әрі үйлерді аралап шықты. Сағат 01:30-да 135 абонент газбен қамтамасыз етілді", - делінген хабарламада.

Қалған 52 абонент бойынша желілерде газ құбырларының бітелуі анықталды.

"Оларды жою үшін негізгі магистральды ажырату қажет болды. Қауіпсіздік техникасына сәйкес түнгі уақытта дәнекерлеу және іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілмейді. Шағын аудан тұрғындарына апатты қалпына келтіру жұмыстары бүгін күндізгі уақытта да жалғасатыны туралы айтылды", - деп хабарлады қалалық әкімдік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу