Алматы қаласы мен Қаскелең арасындағы "Алматы – Бішкек" автомобиль жолын кеңейту жобасы іске асырыла бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ұзындығы 8 шақырымды құрайтын учаскеде жолдың өткізу қабілетін арттыруға бағытталған құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
Жоба Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылып жатыр. Жолды 8 жолаққа дейін кеңейту көлік ағынын оңтайландыруға, кептеліс деңгейін төмендетуге және қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңғырту жұмыстары барысында заманауи көлік инфрақұрылымы қалыптастырылады. Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 527 метр болатын 9 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі, 282 метрлік 2 кері бұрылыс көлік айрығы, автопавильондары бар 23 автобус аялдамасы салынады.
Сонымен қатар ұзындығы 12,9 шақырым сыртқы жарықтандыру жүйесі орнатылып, су өткізу құрылыстары, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін элементтер және 18,5 шақырымнан астам металл қоршаулар салынбақ. Жоба аясында 305 жол белгісі қойылады.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында қажетті техника мен мамандар толық жұмылдырылған. Арнайы техника көмегімен дайындық жұмыстары жүргізіліп, топырақтың құнарлы қабаты алынып, жол жолағындағы аумақ құрылыс кезеңдеріне дайындалуда.
Мамандардың айтуынша, "Алматы – Қаскелең" учаскесін жаңғырту көлік инфрақұрылымын жақсартып, бағыттағы жүк және жолаушылар тасымалының артуына мүмкіндік береді.