Бұл туралы қалалық коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
9 желтоқсан күні сағат 22:30-да Алматыда басталған жауын-шашын түн жарымда қалың қарға ұласты. 10 желтоқсан сағат 07:00-дегі мәлімет бойынша қардың қалыңдығы 35 сантиметрге жетті. Бұл айлық норманың жартысына жуықтайды.
Көлік қозғалысының үздіксіздігін қамтамасыз ету және тұрғындардың қауіпсіз жүріп-тұруына жағдай жасау мақсатында коммуналдық қызмет күшейтілген жұмыс тәртібіне ауыстырылды.
Ведомствоның дерегінше, қаладағы қар күреу жұмыстарына 2728 жұмысшы мен 75 жедел бригада жұмылдырылған. Қала жолдарына 1000-нан астам арнайы техника шығарылды, оның ішінде көктайғақты болдырмау үшін арнайы қоспа себетін 228 құрама жол машинасы бар.
Колонналардың қозғалысын қамтамасыз ету үшін 22 полиция экипажы, сондай-ақ 10 эвакуатор мен манипулятор тартылған.
Мамандардың айтуынша, таңғы сағат 04:00-тен бастап магистральдар мен аудандық көшелерді тазалайтын 21 колонна жұмысқа кірісті.
Сағат 05:00-де 37 жеке мердігер ұйымның 1790 жұмысшысы мен 256 техникасы аулаларды тазалау жұмыстарына жұмылдырылды. Бұған қоса, қалада жол мен көшенің жағдайын бақылау үшін тәулік бойы кезекшілік қойылған.
– Барлық коммуналдық қызмет қарды толық тазалағанға дейін күшейтілген режимде жұмысын жалғастыра береді, – деп хабарлады қала әкімдігі.