Алматы күні қалай тойланады?

Биыл қала күні қыркүйектің үшінші жексенбісінен бастап, ай соңына дейін атап өтіледі. 

Алматы күні қалай тойланады? Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Бұл туралы қалалық мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев айтты. 

"Алматылықтар мен қонақтарды қала күнін мерекелеудің ауқымды бағдарламасы күтіп тұр. Мереке "Ұлы дала-көшпенділер әлемі" этнофестивалімен басталады. Фестиваль 2-3 қыркүйекте "Боралдай сақ қорғандары" археологиялық саябағында өтеді. Оған Мажарстан, Малайзия, Башқұртстан, Дағыстан, Таулы Алтай, Өзбекстан, Бурятия, Қырғызстан сияқты 10-ға жуық ел қатысады", – деді басқарма басшысы.

Фестивальде этномузыканттар мен спортшылар, аңшылар мен қолданбалы өнер шеберлері өз өнерлерін көрсетеді. 

"Этномәдени фестивальдің негізгі мақсаты-көшпелі халықтардың ежелгі тарихын жаңғырту, әр ұлттың болашақ ұрпаққа ұлттық бірегейлігін жеткізу", – деп атап өтті басқарма басшысы. 

Одан кейін Kitap Fest фестивалі өтеді. Жиын осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылмақ. Оның аясында кітап алмасулары, сирек дәрістер, жазушылармен кездесулер, кітап презентациялары мен конкурстар қарастырылған. 

Ал 6 және 7 қыркүйекте "Көктөбе" саябағында 3 мыңға жуық адамды қамтитын "Көк-Төбе Опера" классикалық музыка фестивалінің, "Алматым жүрегімде" ән байқауы өтеді.

Сонымен қатар 8-17 қыркүйек аралығында орталық мәдениет және демалыс саябағында Алматы кинотеатрының кештері – Almaty cinema шарасы ұйымдастырылады.

9-10 қыркүйекте қала тұрғындары мен қонақтары аспаптық музыка - джаз кештерін тамашалай алады.

Ең маңызды және көпшілік қатысатын шара - Apple Fest. Ол 16-17 қыркүйек аралығында Тұңғыш Президент саябағында өтеді, ол кезде демалыс паркі екі күнге алып Алма-саябағына айналады.

Бір мезгілде Алматының 8 ауданында және Панфилов пен Жібек жолы жаяу жүргіншілер көшелерінде "Туған күніңмен, Алматым!" атауымен жаппай шаралар өтеді.

"Қаладағы барлық локацияға автобустар қатынайды. Көлік жұмыс кестесін сағат 00.00-ге дейін өзгертеді. Кешке қала тұрғындары "Астана" алаңында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен "Алматы кавер шоу" шығармашылық және ойын-сауық іс-шарасын және Абай алаңында "Сағындым Алматы" музыка фестивалін тамашалай алады", - деді Ғани Майлыбаев.

Мерекелік жиындарды "Shaisheik Food Fest" қорытындылайды. Фестиваль еліміздің кең гастрономиялық панорамасы мен бай ойын-сауық бағдарламасын үйлестіреді. 

"Бауырсақ, сүт қосылған шай, дәмді тағамның көптігі, достарымызбен және жақындарымызбен шын жүректен әңгімелесу, балалар ойындарына арналған кеңістік — барлығы біз жақсы көретіндей етіп ұйымдастырылады", - деді Ғани Майлыбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу