Алматы маңынан халықаралық іздеуде жүрген бес қылмыскер ұсталды

868

Алматы маңынан халықаралық іздеуде жүрген бес қылмыскер ұсталды

Өткен демалыс күндері Алматы қаласының маңынан іздеуде жүрген бес қылмыскер тұтқындалды. Алматы облыстық Ішкі істер департаментінің мәліметіне қарағанда, ұсталған тұлғаларға осы өңірде қылмыс жасаған деген күдікпен республикалық және халықаралық іздеу жарияланған, деп хабарлайды "ҚазАқпарат"  ХАА.

 Айта кетерлігі, полиция қызметкерлері Универсиада қарсаңында Алматы облысының оңтүстік аймағында бақылауды күшейтіп, Алматы қаласына жақын орналасқан өңірде "Құқықтық тәртіп" операциясын бастаған болатын. Облыстың Талғар, Қарасай, Іле, Жамбыл және Еңбекшіқазақ аудандарын қамтыған шараға мыңға жуық қызметкер тартылған.

"Соңғы үш күнде есірткі сату, көлік ұрлығы, тонау секілді бірқатар қылмыстарға байланысты іздеуде жүрген 5 күдікті құрықталды. Бұдан басқа, полицейлердің көмегімен Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ аудандары бойынша із-түссіз жоғалған 4 азамат табылды", - делінген облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Полиция рейдтері барысында сонымен бірге, есірткі бизнесіне қатысты 4 қылмыстық құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, жарты келіге жуық есірткі заңсыз айналымнан алынған. Мәселен, Іле ауданының Байсерке ауылында 30 жастағы азамат ұсталып, одан 447 грамм гашиш пен 5 грамм марихуана тәркіленген. Ірі көлемдегі есірткіні заңсыз сақтаған күдікті қазір уақытша оқшаулағышқа қамалып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.

 "Универсиада қарсаңында тәртіп сақшылары көші-қон желісі бойынша да құқық бұзушылықтың алдын алуға баса назар аударатын болады. Соңғы үш күнде өңірде Қазақстанның көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 153 шетелдік азамат жауапкершілікке тартылды", - делінген баспасөз баянында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу